You are here

Оралда өткен ұстаздар басқосуы

14.12.2016, 18:09   995

Версия для печатиPDF versionEPUB version

БҚО Достық үйі мәжіліс залында  Қоғамдық келісім,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің  Батыс   Қазақстан облыстық филиалы, облыстық және Орал қалалық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдаструымен  Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында  «Мемлекеттік тіл және оның ересек топтарда оқытылу жайы» тақырыбындағы ашық оқу-әдістемелік семинар өтті.

Семинардың негізгі  мақсаты – қазақ мәдениетін ұлықтай отырып, жергілікті жерде мемлекеттік тілді оқыту ісіне жаңа қарқын мен тың серпіліс беру бағытында тәжірибе алмасу, тілді оқыту арқылы қазақ мәдениетін ұғындыру сынды өзекті мәселелерді қозғау болды. Қазақ мәдениетін өзгелерге ұғындыруда, насихаттауда кешенді шараларға мүдделі қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерін, ұстаздарды кеңінен тарту қажет, тілді оқыту мәселесіндегі түйінді мәселелерді әдістеме мамандарымен азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе шешу  жолдарын айқындау – бүгінгі күннің мәселесі.

Семинарға қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекеме өкілдері, тіл мамандары, ғалымдар, оқу орталықтарының мамандары, жоғары оқу орны, арнаулы оқу орындары мен орта мектеп мұғалімдері қатынасты. Семинар жұмысына кіріспес бұрын қазақ мәдениетінің асқақтығы мен даралығы туралы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі  Айтжанов Жасмарат Шапикұлы сөз алып, семинар жұмысына табыс тіледі.

Семинар модераторы облыстық Қазақ тілі қоғамының төрағасы  Абдульманов Алтынбек Абутәліұлы «Тілді оқыту арқылы қазақ мәдениетін ұғындыру амалдары» жайында қысқаша баяндама жасап, көпшілікті елең еткізді. Семинарға қатысушы №26 мектеп мұғалімі Набиева Ақмарал, экономика және қаржы колледжінің оқу ісі бойынша директордың орынбасары Нұржанова Гүлзада оқытудағы өзекті мәселелер және оңтайлы оқыту әдістері мен тәсілдері жайында тұщымды ой айтты. Семинар жұмысы арнайы шақырылған тренерлердің шеберлік сабақтарына ұласты.

Шеберлігін әріптестерімен бөліскендер: Мемлекеттік  қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығы мемлекеттік тілді   оқыту-әдістеме бөлімінің әдіскерлері Райхан Тілеубергенова "Оқыту үдерісіндегі тыңдалым, оқылым дағдылары" тақырыбында және Гүлжан Әмзебекқызы Іскендір бірі – тыңдалым турасында, екіншісі – жазылым жайында Казтест талаптарына құрылған сабақ үлгілерін көрсетсе, «Бизнес қауымдастығы» оқу орталығының оқытушысы Таубаева Гүлмира оқытудағы дәстүрлі сабақ пен кәсіпке, танымға бағытталған жаңа сабақ үлгілерімен жиналған қауымды тәнті етті. Семинар соңында қатысушылардың ой-пікір алмасуы, ұсыныстар, сұрақтарға жауап беру, сертификаттар табыстау сияқты шаралар кезегімен өтті.

Кемешева Айша

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15